«ҚАЙНАР» КОЛЛЕДЖІ

2015 жылғы 26 мамырдағы № 92LAA00004947 лицензия Алматы қ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы»

 

Қымбатты отандастар!

Қадірлі қауым!

Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік.

Баршаңызға мәлім, былтыр егемендіктің маңызды белесіне жеттік. Тарихи өлшеммен қарағанда 30 жыл тым көп уақыт емес. Халқымыз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен осы кезеңде ауқымды жұмыс атқарды, көптеген табыстарға қол жеткізді.

Алайда, береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін. Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті. Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді.

Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақтылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік. 

Мен қашанда бәрін ашық айтып жүрмін.

Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым. Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде халыққа арнап бірнеше үндеу жасадым. Барлық жағдайды азаматтарымызға жан-жақты түсіндіріп, жеткіздім. Әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдадым. Бұл – мен үшін бұлжымас ұстаным. 

Өкінішке қарай, бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды. Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз.

Қазақта «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген сөз бар. Біздің парызымыз – қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз.

Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарауда. Бұл ахуал жалған түсінік қалыптастырып, елді адастырады. Сондықтан өткен оқиғалар туралы нақты мәліметті жариялап, оған баға беру өте маңызды. Тіпті, қасиетті парызымыз деуге болады. Жұрт оның астарына үңіліп, себебін терең түсінуі қажет.

Күні кеше ғана Парламент қабырғасында арнайы тыңдау өтті. Онда құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы толық есеп берді. Турасын айтқанда, мұндай кең ауқымды талқылау ешқашан болмаған. Депутаттарға және бұқаралық ақпарат құралдарына бәрі ашық айтылды. Қоғамды мазалаған сұрақтарға жауап берілді. Бұл қаңтар оқиғасына әділ баға беруге, ең алдымен, биліктің мүдделі екенін көрсетеді. Мен мұны толық қолдаймын, біз ақиқатты айтуымыз керек. Бұл – менің жеке қағидатым.

Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәселемен арнайы Мекемеаралық шұғыл тергеу тобы айналысуда. Құқық қорғау органдарына жасалып жатқан жұмыс нәтижесін үнемі жариялап отыруды тапсырамын.

Қасіретті қаңтар оқиғалары мен одан кейінгі төтенше жағдай кезінде түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін екі мыңға жуық адам ұсталды. Мен сол кезде Бас прокуратураға олардың қандай кінәсі барын анықтауды және ауыр қылмысы болмаса, жазасын жеңілдетуді тапсырдым. Соның нәтижесінде көптеген азаматтар қамаудан босатылды.

Ал, нағыз қылмыс жасаған адамдар заң алдында толығымен жауап береді. Басқаша әрекет ету, яғни, қосақ арасында бедел жинау үшін байбалам салып жүргендер мен арандатушыларға жеңілдік жасау – жазықсыз құрбан болған жандардың аруағын сыйламау деген сөз.

Бірнеше жүз адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Біз құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұсталған адамдарды тергеу барысында тыйым салынған тәсілдерді қолданғаны, тіпті оларды азаптағаны туралы фактілер болғанын ашық айттық. Орта ғасырлардан қалған осындай жабайылық кез-келген өркениетті қоғамның қағидаттарына қайшы келеді. Бұл біз үшін де мүлде жат қылық. Мұндай сорақы оқиғалар болғаны жайлы айтыла бастаған сәтте-ақ, мен оны мұқият тексеруді тапсырдым.

Сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкіл алғашқы күндерден жұмысқа белсене араласты. Құқық қорғаумен айналысатын азаматтар мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері оқшаулау орындарына кедергісіз кіріп, қаңтар оқиғасына қатысушылардың қамаудағы жай-күйімен танысты, олардың шағымдарын қарады.

Омбудсмен және беделді заңгерлер жетекшілік ететін тәуелсіз қоғамдық комиссиялар прокуратура органдарымен тығыз жұмыс істеді, пікірлерін ашық айтып, өз ұстанымдарын қорғады. Мұндай жұмыс тәсілі тергеу үдерісінің ашық және демократиялы екенін көрсетті, әрбір өтініш пен арыз-шағымды жеке-жеке қарауға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде заңға қайшы үкім шығару ықтималдығы едәуір азайды.

Азаматтық қоғам мен құзырлы органдар осылай ашық ынтымақтастық орнататын тәжірибе біздің елімізде берік орнығуға тиіс. 

Осы мүмкіндікті пайдаланып, қоғам белсенділері мен заңгерлерге азаматтық ұстанымы және біліктілігі үшін ризашылығымды білдіремін.

Қазір алдын-ала қорытындылар дайын. Біз теріс пиғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын нақты білеміз. Осы ретте, бүлікшілер не үшін мұндай қадамға барды деген сұрақ туындайды. Жауабы – айдан анық.

Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды.

Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты.

Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, елге ойран салмақ болды. Бейбіт өміріміздің тас-талқанын шығаруды жоспарлады. Президентті биліктен кетіргісі келді.

Шын мәнінде, бұл мемлекеттілігімізге төнген аса қауіпті сын-қатер болды. Бірақ, қастандық жасаушылардың арам пиғылы іске аспады. Мен ең қиын сәтте, қандай жағдай болса да, ақырына дейін халқыммен бірге боламын деп ашық айттым.

Бабаларымыз «Іштен шыққан жау жаман» деп бекер айтпаған.

Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды.

Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар. Олар Күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді. Тіпті, арнайы үкіметтік және басқа да байланыс арналарын өз бақылауына алды. Бір сөзбен айтсақ, олар елді ыдырату үшін ойларына келген барлық тәсілді қолданды. 

Соның салдарынан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрауға мәжбүр болдық. Бұл қадам ішкі және халықаралық нормаларға сай жүзеге асырылды. Бітімгершілік күштері елімізде бір де бір оқ атқан жоқ. Стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін ғана қамтамасыз етті. Бұған алдын-ала жасалған келісімнің нәтижесінде қол жеткіздік. Жағдай тұрақтанған соң, екі аптадан кейін олар Қазақстаннан толық шығарылды.

Бұл – көптарапты қарулы контингент, оның құрамында Қазақстан да бар. Бітімгершілік миссиясының маңызды рөлін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, түптеп келгенде, біз содырларды өз күшімізбен жеңдік.

Осы орайда, бір мәселеге жеке тоқталғым келеді. Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді. Отан алдындағы антына адал болып, мемлекетімізді жанқиярлықпен қорғады. Мен сын сағатта қатерге қаймықпай қарсы тұрған тәртіп сақшыларына ризашылық білдіремін.

Сондай-ақ, азаматтарымыз ерікті түрде өз ішінен жасақ құрып, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысты. Жауапты сәтте бірлік пен жанашырлықтың бірегей үлгісін көрсеткен барша азаматтарға алғыс айтамын.

Осы күндерде халқымыз кез-келген қауіп-қатерді жеңе алатын біртұтас ел екенін танытты. Отаншылдық рухының арқасында қасиетті Тәуелсіздігімізді сақтап қалды.

Шын мәнінде, қаңтар оқиғалары мемлекеттілігіміз үшін зор сынақ болды. Біз жардың шетінде тұрдық. Бір қадамды қате жасасақ немесе батыл әрекет етпесек, мемлекетіміз құрдымға кететін еді.

Күштік құрылымдар мен олардың сыбайластарының өзара ымыраласуына қатысты іс бойынша тергеу құпия жағдайда қарқынды жүргізіліп жатыр. Алдымызда куәгерлерден жауап алу, сараптама жасау және түрлі мәліметтерді зерделеу сияқты қыруар жұмыс бар.

Бір нәрсені нақты айта аламын: қаскөйлер мұқият ойластырылған ауқымды операция жасады. Олар халқымыздың және шетел қоғамдастығының алдында мемлекеттің жоғары басшылығының абыройын төгіп, биліктен тайдыруды көкседі. Кәсіби дайындықтан өткен содырларды өз мақсатына жету үшін еш қымсынбастан пайдаланды. Оларға еліміздің ең ірі шаһары – Алматыны күл талқан етуді, жұртты әбден үрейлендіріп, дүниеден біржола түңілдіруді, елдегі ахуалдың быт-шытын шығарып, бей-берекет қылуды тапсырды.

Сондықтан кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қандай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алатынына уәде беремін.

Сол күндері қатаң әрі шұғыл шара қабылдаудан басқа амал қалған жоқ. Мен ең шешуші сәттерде елім үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бұл – менің президенттік әрі перзенттік борышым.

 

Құрметті депутаттар!

Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе. Біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік.

Мен осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсындым. Соның аясында қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты.

Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады. Мысалы, бейбіт жиналыстар туралы жаңа, демократиялық заңды алайық.

Бұл құжат белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді. Бұл жаңашылдық елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты. Дегенмен, жұртты арандатқысы келетін кейбір белсенділер демократиялық сипаттағы осы заңның өзіне бағынбау, тіпті оны бұзу керек деп санайды.

Мен бұдан былай ешқандай жұмсақтық көрсетпейтінімізді мәлімдеймін. Басқа да заңдар сияқты бұл заңның талаптары да мүлтіксіз орындалуға тиіс.

Бәзбіреулердің жауапсыздығы мен бейбастақ әрекеттері заңды сыйлайтын азаматтарымыз үшін тым қымбатқа түсті. Заң бәріне ортақ, оған биліктегі азаматтар да, қоғам белсенділері де бірдей бағынуға тиіс.

Саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті. 

Саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейді. Бірақ, осы ниет пен жұмыс қарқыны жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық. 

Бәрін де бармақ басты, көз қыстымен шешіп үйренген адамдар бұған дейінгі артықшылықтары мен табыс көздерін жоғалтып алудан зәре-құты қалмай қорқуда. Олар біздің мемлекеттілігіміздің тұғырын шайқалту үшін дереу іске кірісу қажет деп шешті. Тіпті, өз халқына қарсы шықты деуге болады.

Қасіретті қаңтар күндерінен кейін көптеген адамдар «бәрі кері кетеді, билік жаңғыру қарқынын бәсеңдетіп, аяғын аңдап басатын болады» деп санады. Бірақ, біз алған бетімізден қайтпаймыз. Керісінше, қоғамның барлық саласында жасалып жатқан жүйелі өзгерістердің қарқынын үдете түсеміз.

Мен бүгін ұсынып отырған бастамалар қаңтар оқиғаларынан әлдеқайда бұрын мұқият ойластырылып, пысықталған. Ашығын айтайын, маған «асықпайық, заман жақсарғанға дейін бұл жоспарды қоя тұрайық» деп ақыл қосқан сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілер де болды. Олар қазіргі ахуалды өз мүддемізге пайдалануға мүмкіндік туып тұрса, жүйені өзгертудің не қажеті бар деді.

Енді біреулер геосаяси ахуал қатты шиеленісіп тұрған кезде елді «горбачевтік қайта құрудағы» сияқты берекесіздік жайлап, көше демократиясы белең алып кете ме деген орынды қауіптерін айтты. Бірақ, мен елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімдімін. Әйтпесе, тоқырауға тап боламыз. Біз оның салдары мемлекетті қалай күйрететінін тарих қойнауына кеткеніне көп бола қоймаған кеңес тарихынан жақсы білеміз.

Кешегі қаңтар оқиғаларына да еліміздегі тоқыраудың салдары белгілі бір деңгейде әсер етті. Мен соңғы екі айдың ішінде әлеуметтік-экономикалық салада, ұлттық және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде, ең алдымен, жүзеге асыру қажет болатын міндеттерді айқындап бердім.

Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген. 

Парламент депутаттары, Конституциялық кеңес, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғарғы Сот және беделді сарапшылардың ұсынымдары назарға алынды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде осы тақырып бойынша пікірталас өтті. Құжатты әзірлеу кезінде зерттеушілер мен қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары да мұқият зерделенді.

Жалпы, ұсынылып отырған реформаларды біздің қоғамдағы алуан түрлі көзқарастардың жиынтық көрінісі деуге болады. Осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы іспетті бұл бастамалар екі өзекті міндетті шешеді.

Біріншіден, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді.

Екіншіден, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді. Бұл ел ішінде болып жатқан іргелі қоғамдық өзгерістер мен шиеленісе түскен геосаяси тартыс кезінде айрықша маңызды.

Қазіргі халықаралық ахуал қырғи-қабақ соғыстың ең қиын кезеңін еске түсіреді. Бірақ, шегіне жете буырқанған, мемлекеттер қатаң санкциялармен тірескен, жер жүзіне қандай кесірі тиетіні беймәлім болып тұрған бүгінгі жағдайды адамзат бұрын-соңды көрмеген теңдессіз қиындық деуге әбден болады. Сондықтан, біз үшін көздеген мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің тұтастығын, жалпыұлттық бірлігі мен тілектестігін сақтаудың өмірлік маңызы бар. 

Реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқ. Мен мұны бірнеше рет айттым. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз.

Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек.

Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады.

Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Сондықтан біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек.

Мен бұл жерде, ең алдымен, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді.

Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын. 

 

БІРІНШІ. Президенттің өкілеттігі туралы

Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс.

Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет.

Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім.

Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. 

Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. 

Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн.

Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім. 

Біз «қасіретті қаңтардан» мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. 

Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет.

Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді.

Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын.

Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады.

Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді.

Оның үстіне қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек.

Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады.

 

ЕКІНШІ. Өкілді билік тармағын қайта құру

Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет.

Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн. 

Қазіргі таңда жоғарғы палата 49 депутаттан тұрады. Яғни, әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды. Мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге және заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді. Өз уақытында бұл барынша озық әрі тиімді тәжірибе болды. Бірақ біз алға қарай қадам басуымыз керек.

Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады.

Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын.

Әлемде құрылымы унитарлы және Қазақстанға қарағанда халқы аз мемлекеттер жеткілікті. Соған қарамастан, бұл елдер қос палаталы парламент жасақтаған. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, Еуропада да осындай тәжірибе бар.

Ал, біздің Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Конституцияға сәйкес, Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Яғни, Мәжіліс іс жүзінде жоғарғы палатаның қарсылығын еңсере алмайды. Неғұрлым тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін бұл тәжірибені қайта қараған жөн.

Осы орайда, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады.

Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет.

Елімізде көптег

Приемная комиссия